Орталық Азияда лаңкестердің белсенділіктері артып отыр - Н.Бордюжа

ТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының тізімінде осы ұйымға мүше мемлекеттердің барлығының аумағында қызметі заңсыз деп табылған 34 экстремистік, террористік бағыттағы ұйым бар.

Олардың 10-ы бүгінде белсенді түрде жұмыс істеуде. Бұл мәліметтерді бүгін Астанада өткен Мәскеу-Астана бейне баспасөз-мәслихатында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжа жария етті.

Оның сөзінше, өткен аптада Астанада өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше Мемлекет басшыларының бейресми кездесуінде ҰҚШҰ-ның ұжымдық шұғыл іс-әрекет ету күштеріне қатысты мәселелер талқыланды. «Бұл дегеніңіз, экстремистік және террористік бағыттағы ұйымдармен күрес болып саналады. Бүгінгі таңда осы экстремистік, террористік бағыттағы ұйымдардың Орталық Азия аймағында өздерінің қызметтерін жандандыра түскені жасырын емес. Бұған әрине бірінші кезекте Ауғанстандағы тұрақсыздықтар себеп болып отыр. Өйткені Орталық Азияға қауіп тудырып отырған лаңкестік ұйымдар өздеріне қажеттінің бәрін Ауғанстаннан алады. Оларға қажетті қаржы да осы Ауғанстан арқылы келеді. Соның нәтижесінде лаңкестік ұйымдар бүгінде барынша күшейіп, жұмыстарын жандандыра түсуде»,-деді Бас хатшы.