Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Гүлнәр Нұрахметова мәлім етті.
«Жаңадан ашылатын музей Г.Н.Потанин атындағы музейдің тақырыптық бөлімі ретінде тіркелетін болады, - деді Гүлнәр Нұрахметова.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта аталған орындағы ғимаратта екі қабатты жапсаржай құрылысы жүріп жатыр. Музей экспозициясын құрастыру жөнінде сараптамалық топқа «Pitch» компаниясының дайындаған жобасы ұсынылды. Компания жаратылыстану музейі жөнінде ұсынған тұжырымдамасы бойынша мәдени орынның негізгі тақырыбы геология, палеонтология, археология ғылымдары болмақ. Тұрақты экспозиция залында геологиялық кезеңдер, минералдар (минерлардар туралы проекциялық кітап ұсынылады), «Пайдалы қазбалар», «Қазба жұмыстары» көрініс табады. Қазақстанның барлық археологиялық интерактивті картасы ұсынылады.
«Бұл музейдің ерекшелігі - әлемдік музейлерде қолданылатын жүйелерді қолдануында», - деді «Pitch» компаниясының өкілі Даниель Оразбеков.
Оның сөзінше, музейге келушілерге айтуға, түсіндіруге оңай болады. Оған қоса, жобамызда музей базасында зерттеу орталығын ашуды ұсындық. Сондай-ақ мекемеде елімізде алғаш рет археологиялық заттарды цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
«Менің білуімше, Павлодар археологиялық заттарға бай. Оның дәлелі «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткіші бар. Сондай-ақ оқушылар мен студенттерге арналған оқыту бөлімі де қарастырылған. Музей өзінің тақырыптары бойынша ғаламшардың пайда болуынан адамзаттың жаратылуына дейін қамтитын Қазақстанда, тіпті Орталық Азиядағы бірінші жаратылыстану музейі болады»,-дейді компания өкілі.
Даниель Оразбековтың айтуынша, музей жұмысы келесі жылы аяқталып қалуы мүмкін.
«Қазіргі кезде біз тек экспозицияны құрастыру бойынша жобаны ұсындық», - деді «Pitch» компаниясының өкілі.
«Ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бізге тек қабырғалары тұрғызылып беріледі. Қалған бөлмелерді дайындау жұмысымен біз айналысамыз. Нысан биыл аяқталуы керек. Егер біздің жоба мақұлданса, әрі қарай сметалық жоба дайындалады. Егер қаңтардан бастап музейдің ішкі экспозициясына кіріссек, алты-жеті ай уақыт кетеді»-дейді ол.
Айта кетейік, «Pitch» компаниясы Мәскеу қаласында А.Возенскийдің мәдени орталығын, Санкт-Петербург қаласында Ресейдің темір жол музейін, Прохоровкадағы құрышты танк техникасының музейін, ЭКСПО және ҚР Ұлттық музейінің экспозициясын, сонымен қатар, мультимедиялық инсталляциялар мен шоуларды іске асырған.