Мәулен Әшімбаевтың ойынша, соңғы жылдары Қазақстан Орталық Азия елдерімен тығыз қарым-қатынасты дамытуға күш салса да, көрші мемлекеттер көпжақты байланыстарды нығайтуға көп басымдық берген жоқ. «Қазақстан өз кезегінде Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен арадағы екіжақты қарым-қатынастарды барынша дамытты. Алайда көпжақты байланысты нығайту жағынан біз он-он бес жыл текке кетірдік деп ойлаймын. Шыны керек, Орталық Азия үшін ол уақыт зая кетті. Осы уақыттың ішінде бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру, жалпы көпжақты байланыстарды күшейту жағынан қандай да бір нақты меxанизмдер қолға алынбады. Иә, белгілі бір бастамалар мен жобалар болды. Оны бәріміз жақсы білеміз. Бірақ соның барлығы жүзеге аспай қалды», - дейді Әшімбаев.
Оның айтуынша, дәл қазір Орталық Азия елдері уақытты кешіктірмей, тығыз байланыстарды дамыту шараларын қолға алуы қажет. Себебі бірқатар мәселелерді шешу үшін көпжақты қарым-қатынастың болғаны жөн. Мәселен, трансшекаралық өзен-суларды пайдалану, экологияны сақтау, көлік-коммуникациялық жүйені дамыту, қауіпсіздік және тағы басқа өзекті проблемалар бар. «Өкінішке орай, аталған мәселелер бойынша көпжақты байланыстар жүйесі дұрыс жұмыс істемеді. Тіпті, 90-жылдардың ынтымақтастығынан төмен болып кетті деуге болады. Ашығын айту керек, осы уақытқа дейін сарапшылар да бірнеше мәселенің айналасынан шыға алмады. Бәріміз бір проблемаларды қайталап келдік. Ауғанстан, терроризм, экстремизм, есірткі саудасы, сыртқы сын-қатерлер туралы айттық. Былайша айтқанда, осының аясында жүрдік. Меніңше, бүгінгі парадигманы толығымен өзгерту керек. Орталық Азияны дамыту мәселесіне басқаша қарау қажет», - деп атап көрсетті сарапшы.
Айта кетейік, биылғы конференцияның тақырыбы - «Жаһандық трансформация жағдайындағы Орталық Азия». Жиынға Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мен Ресейдің сарапшылары қатысуда.