Орталық Азияның ІТ-қызметкерлері, хакерлер Алматыда бас қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында Орталық Азияда алғаш рет ақпарат қауіпсіздігі саласындағы мамандарға арналған халықаралық-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.



Шара ұйымдастырушылары - ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қазақстан ГИС орталығы» АҚ және «Кибершабуылды талдау және зерттеу орталығы» заңды тұлғалар бірлестігі.

Конференцияға киберқауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылау үшін Қазақстан өңірлері мен шетелден 2 мыңнан астам адам қатысты.

Бір алаңда хакерлер, ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшылары, IT-әзірлеушілер, мемлекеттік органдар, БАҚ өкілдері, бизнесмендер мен вендерлер жиналды.

Конференция барысында ақпарат қауіпсіздігі мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. «Kaz'Hack,'Stan» бағдарламасында саланың осал тұстарымен таныстырған қазақстандық және шетелдік сарапшылардың баяндамалары, жетекші мамандардың шеберлік сабақтары қамтылған.

Сондай-ақ мемлекеттік саясат мәселелеріне қатысты «дөңгелек үстел» өтті. Оның шеңберінде құқықтық аспектілер мен ақпараттық қауіпсіздік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жалпы сұрақтар, конференцияға қатысушылардың тәжірибелік машықтарын арттыру мақсатында киберполигондарды пайдалану мәселелері талқыланды.