Орталық Азияның көшбасшысы бауырлас Қазақстан - Түркияның сенімді саяси және экономикалық серігі - Хусейн Авни Мутлу

Фото: None
ЫСТАМБҰЛ. 17 ақпан . ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Президенттерінің қамқорлығының арқасында жүзеге асып отырған «Жаңа синергия» Стратегиялық бағдарламасы аясында 2013 жылдың 15-17 ақпанында Түркияға Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған облыстың бизнес делегациясы сапармен келді.

Аталған бағдарламаның негізгі бағыты екі ел арасындағы аймақаралық ынтымақтастықты дамыту екені белгілі.

Сапар барысында облыс басшысымен бірге «Атырау» ӘКК» ҰК» АҚ төрағасы А. Тасымов, «Даму» аймақтық филиалының директоры Е. Қайранбаев, облыстың бизнес өкілдері мен іскер азаматтары, сондай-ақ, өнер шеберлерінен құралған шығармашылық топ болды.

Делегация Ыстамбұл мен Түркияның ірі индустриялық орталықтарының бірі Қожаелінде болды.

Сапар барысында Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов Ыстамбұл губернаторы Хусейн Авни Мутлумен, Қожаелі провинциясы губернаторының орынбасары А. Созенмен, Түркия Республикасы сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі Кеңесінің басшылығымен (ДЕИК), аталған провинцияның Сауда өнеркәсіп палатасының жетекшілігімен, Түркия өнеркәсіп және кәсіпкерлер конфедерациясының (ТУСКОН) өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді, Қожаелінің өнеркәсіп орындарын аралады. Сондай-ақ, келіссөздерге Қазақстанның Түркиядағы елшісі Ж. Түймебаев та қатысты.

Кездесулер барысында Атырау облысының әкімі серіктестеріне Қазақстанның саяси және экономикалық реформалары, ҚР Президентінің «Қазақстан 2050» Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы туралы баяндады. Сондай-ақ, елдегі экономикалық, ішкі саяси ахуал мен ел Президенті Н. Назарбаевтың жетекшілігімен іске асып отырған ірі реформалар, елдің сыртқы саясатының негізгі бағыттары жайлы да әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, облыс басшысы елдегі қуатты инвестиция салалары, нақты инвестициялық жобалар жайлы да айтып өтті. Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері құрған Кедендік одақтың Түркия бизнесі үшін ұсынатын мүмкіндіктерін де назардан тыс қалдырмады.

Атырау облысының әкімінің сапары барысында Қазақстан-Түрік Іскерлік кеңесінің төрағасы (ДЕИК) Мерт Сары мен Түркия өнеркәсіп және кәсіпкерлер конфедерациясы (ТУСКОН) басқармасының төрағасы Ризанур Мералмен ынтымақтастық жасау туралы хаттамаларға қол қойылды.

Қожаелі провинциясының өндіріс нысандарын аралау барысында Атырау облысының басшысы өзі басқарып отырған аймақ үшін маңызы зор өнім шығаратын өндіріс орындарына баса назар аударды. Облысқа нақты не қажет, түрік бизнесі қай салаға инвестиция сала алатынын атап өтті.

Ыстамбұл губернаторы Х.А.Мутлу Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан кейінгі аз уақытта жеткен жетістіктерін жоғары бағалады. «Орталық Азияның көшбасшысы бауырлас Қазақстан - Түркияның сенімді саяси және экономикалық серігі» - деп атап өтті Ыстамбұл губернаторы.

Қожаелі провинциясының басшылығы да Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін жоғары бағалай келіп, бұл тұрғыда ҚР Президенті Н. Нзаарбаевтың атқарған рөлінің ерекше екенін баса айтып өтті. Сондай-ақ, ҚР-ның Орта Азия аймағындағы экономикасы мен ішкі сыртқы саяси жағдайы тұрақты жетекші елдердің бірі екендігі де айтылды.

Сондай-ақ, олар Атырау облысының бизнес тұрғысындағы болашағына қызығушылық танытты. Жауап ретінде Қазақстанға сапар жасап, екі жақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талдайтын ойларын да жеткізді.

2012 жылдың қазан айында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Түркияға жасаған сапарына тұспа-тұс келген Қазақстанның Түркиядағы мәдени күндері қазақстандық өнер мен мәдениетіне үлкен қызығушылық тудырған еді. Бұл жолы да сол үрдіс қайталанды. Атырау облысы шығармашылық тобының концерттері 15-16 ақпан күндері Ыстамбұлдың ірі аудандары Эюп пен Зейтинбурнудың концерт залдарында табыспен өтті.

Соңғы жаңалықтар