Орталық Еуропа уақытымен сағат 15.00-дегі жағдай бойынша Брюссельдегі сайлаушылардың 90 пайыздан астамы дауыс берді

БРЮССЕЛЬ. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Орталық Еуропа уақытымен сағат 15.00-дегі жағдай бойынша Брюссельдегі сайлаушылардың 90 пайыздан астамы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында өз таңдауларын жасады..

Бұл туралы Қазақстан журналистеріне берген сұхбатында №119-шы Брюссель сайлау учаскесі учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ержан Қыстафин мәлім етті.

«Ең бірінші дауыс берушілер орталық-еуропалық уақыт бойынша сағат 08.15-те келді. Қазіргі таңда 250 қазақстандықтың 230-ы келіп дауыс берді, бұл сайлаушыардың 90 пайызынан астамын құрайды. Біз азаматтар сайлауға осылай көп келеді деп күтпеген едік», - дейді Сайлау комиссиясының төрағасы.

Тіркеліп, сайлау жәшіктеріне бюллетень тастау үшін адамдар кезек күтті. Алайда барлығы жақсы ұйымдастырылып, қарбалассыз өтті. Таңдауын жасаған азаматтар қазақтың ұлттық тағамдары қойылған дастарханнан дәм татты.

ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, Брюссельдегі сайлау учаскесі Бельгия, Нидерланды және Люксембург елдерінде тұрып жатқан немесе уақытша жүрген қазақстандық сайлаушыларды қабылдауда. Олардың қатарында - қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, еуропалық институттарға тіркелген журналистер, зиялы қауым, бизнес өкілдері және студент жастар бар.

Сайлау туралы заңға сәйкес, Брюссельде дауыс беру орталық- еуропалық уақыт бойынша сағат 20.00-ге дейін жалғасады. Дауыс беру аяқталып, жиналған дауыс саналған соң ҚР Орталық сайлау комиссиясына сәйкес хаттама жөнелтіледі.