Қазір өрт жайлаған аумақ 7500 гектардан асқан.
Штат губернаторы Джерри Браун зардап шеккен аймақта төтенше жағдай режимі енгізілгенін хабарлады. Орман өрті жүздеген құрылысты жойған. Тағы 1500-ге жуық үй мен құрылыс кешендеріне қауіп төніп тұр.
Өрт өткен бейсенбіде Бейкерсфилд қаласының солтүстік-шығысындағы тауларда шыққан. Жақын орналасқан елді мекендердің жүздеген тұрғындары көшірілген. Алдағы уақытта Лейк-Изабелла елді мекенінен 3 мың тұрғын көшірілетіні айтылуда.
Аймақтың ауа райы соңғы күндері қатты ысып, құрғаған. Жұма күні ауа температурасы Цельсий бойынша 32 градустан асқан.
Маусымда АҚШ-тың оңтүстік-батысында ауа райы қатты ысып, соның салдарынан көптеген штаттарда ормандардан өрт шыққан. Ең үлкен өрт Нью-Мексико штатында Альбукерке қаласының оңтүстік-шығысында орын алған. Оның салдарынан 20-дан астам үй жанып, көптеген отбасылар көшірілген.
Өткен аптада Калифорнияның оңтүстігінде өрт шығып, Санта-Барбара ауданындағы үйлер мен Лос-Анджелестің солтүстігіне қауіп төндірді.