Орталық мемлекеттік мұрағаттан ұрланған Әбілхан Қастеевтің екі картинасы табылды

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Алматыда Орталық мемлекеттік мұрағаттан ұрланған танымал суретші Әбілхан Қастеевтің екі картинасы табылды.

Бұл туралы «Экспресс К» газетіндегі «Как кисть в горле» атты мақалада (автор Ольга Храбрых) жазылды.

Бас-аяғы 20 туынды қолды болды, алаяқтар бір картинаны 15 мың долларға сатпақ болған.

Өткен жылдың күзінде Ә. Қастеевтің қызы Гүлдария мемлекеттік мұрағаттан 20 туындының қолды болғандығы жөнінде құқық қорғау органдарына арызданды. Кезінде танымал суретші бұл шығармаларды мекемеге өзі сыйлаған болатын.

Қаржы полициясының қызметкерлері ұрланған 20 жұмыстың екеуін (1931 және 1934 жылдары салынған) тапты. Қазіргі уақытта Орталық мемлекеттік мұрағаттың бұрынғы қызметкерлері тарапынан заң бұзушылық фактілері анықталды және олардың ұрлыққа қатысы бар-жоқтығы тексерілуде.

Алматы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Әмірхан Аманбаевтың сөзіне қарағанда, картинаны қара базарда сатпақ болған адам 2012 жылдың 25 қазанында ұсталды.