Орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының мақсаты- халықты сапалы қызметпен қамтамасыз ету- Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - 17 ақпанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдары қызметінің тиімділігін бағалау» тақырыбында семинар өтті.

Атап айтқанда, агенттік мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалау әдістемесін әзірледі. Бұл әдістеме мемлекеттік органдардың ұсынысымен және ескертуімен жетілдіріліп, бекітілді.

Әдістеменің негізгі мақсатының бірі - мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғаларды қолжетімді және сапалы қызметпен, оның ішінде электрондық форматтағы қызметпен қамтамасыз ету бойынша тиімді шараларды анықтау.

Осы орайда, жиын барысына 2011 жылда көрсетілген мемлекеттік қызметтің сапасын бағалаудың шарттары туралы Агенттіктің инспекция және тәртіптік қадағалау басқармасының бас сарапшысы А. Ескендіров баяндама жасады.

Семинар барысында осы мәселе бойынша  пікіралмасулар болды, сондай-ақ мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар ұсыныстар жасалды. Енді бұл ұсыныстар алдағы бағалау кезінде ескерілмек.