Орталық мұражайда «Музей түні-2010» PR шарасы өтеді

None
АЛМАТЫ. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Мамырдың 14-і күні Алматыдағы ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында «Музей түні-2010» PR шарасы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық мұражайлар күні мерекесіне орайластырылған шара биыл 5-ші рет өтеді. Бұл күнді әлемнің мұражай қызметкерлері 1978 жылдың 18-ші мамырынан бастап атап өтіп келеді. Бұл күн аясындағы «Мұражай түні» шарасы ең алғаш рет 1997 жылы Германия мұражайларында өткізілген болатын. 2006 жылдан бастап біздің елімізде де тұрақты түрде өте бастады. Орталық мұражай өкілдерінің айтуынша, шараның басты мақсаты келушілерге мұражайдың тек ғылыми, білім беру орталығы ғана емес, демалыс орны бола алатындығын көрсету, мұражайдың танымалдылығын арттыру.

Мамырдың 14-і күні өтетін шарада мұражайдың көрме залдарына тегін экскурсиялар жүргізіліп, Ескендір Хасанғалиев, Тамара Асар, Мадина Садуақасова, Нұрлан Еспанов сынды өнер жұлдыздары мен би, вокалды-аспаптық ансамбльдер, ұлттық мәдени орталықтар өнер көрсетеді. Думанды кеш барысында Тимур Бегімбеттің жеке көрмесі ашылады. Сондай-ақ Қазақфильмнің жаңа туындылары жұртшылық назарына ұсынылады. Шараны еліміздің 20-дан астам компаниялары қолдаған.