Орталық сайлау комиссиясы Сенат депутаттарының сайлауын «өтті» деп таныды

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, 19 тамыз Елбасының жарлығымен тағайындалған Парламент Сенатының депутаттарын сайлау «Сайлау туралы» заңға және Орталық сайлау комиссиясының бекіткен ережелеріне сәйкес жүзеге асты. Жанама сайлау құқығы арқылы жүзеге асқан саяси үдерістің қорытындыларына орай, Орталық сайлау комиссиясы да «сайлау өтті» деп ресми түрде таныды.

Естеріңізге сала кетейік, Парламент Сенаты әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, оның он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл.

Осындай ережелерге сәйкес, жүзеге асқан сайлау барысында Сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген 39 адамның басым дауысқа ие болған 16-сы алдағы уақыттан бастап депутаттық мандатты иеленіп, Парламенттің кезекті сессиясына қатысатын болады. Дегенмен, бүгінгі сайлауда жеңіске жеткен кандидаттарды депутат ретінде жариялау Орталық сайлау комиссиясының құзырымен, тамыздың 25-іне дейін жүзеге асады. Ал дауыс беру процесі барысына келетін болсақ, барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларындағы сайлау мәслихат депутаттарының жиыны түрінде өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Сенат депутаттарының сайлауы таңғы сағат 10. 00-де және уақыт айырмашылығы бар өңірлер үшін сағат 11.00-де басталған еді. Заңнамаға сәйкес Сенат депутаттарын сайлауға барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Атап айтқанда, елімізде түрлі деңгейдегі 213 мәслихат бар болатын. Оларда 3 мың 335 депутаттық мандатқа ие азаматтардың таңдаушы ретінде сайлауға 3 мың 283-і, яғни 96,6 пайызы қатысты. Сайлау барысында мәслихат депутаттарына дауыс беру бюллетеньдері ұсынылып, оған тіркелген кандидаттың аты-жөні жазылған тізім енгізілді. Сосын дауыс беру жасырын түрде өрбіді. Сайлау комиссиялары мен жергілікті билік органдары тарапынан қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі барлық шаралар жан-жақты қабылданды. Соған орай заңнаманы бұзудың ешқандай да фактілері тіркелмеген. Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалық сайлау комиссияларынан, облыстардан сайлау процесіне қатысушылар тарапынан ешбір шағымдар мен өтініштер жасалмады. Сайлауға орай тіркелген 371 байқаушы, оның ішінде кандидаттардың 99 сенімді өкілдері, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 52 байқаушысы, саяси партиялардың 29 өкілі, қоғамдық ұйымдардың 32 байқаушысы, сондай-ақ 220 бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері дауыс беру, оны санау, қорытындыларды шығару барысын жүзеге асырған. Осындай негіздерге сүйенген Орталық сайлау комиссиясы кешегі күні «Сенат депутаттарын сайлау үдерісі қалыпты, тыныш және іскерлік жағдайда өтті» деп бағалады. «Дауыс берудің бас-аяғы қалыпты іскерлік жағдайда сайлау заңнамасында белгіленген тәртіппен өтті. Сайлау заңының бұзылу фактілеріне қатысты сайлау органдарының атына шағымдар, өтініштер бүгінгі күнге дейін келіп түспеді», - деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов арнайы баспасөз мәслихатында.

Сонымен Орталық сайлау комиссиясы таратқан алдын ала мәліметтерге сүйенсек, басым дауыспен жеңіске жеткендер:

Астана қаласынан - Редкокашин Владимир Николаевич (91,7 пайыз);

Алматы қаласынан - Бижанов Ахан Құсайынұлы (88,2 пайыз);

Алматы облысынан - Тұрлашев Лаззат Махатұлы (94,3 пайыз) ;

Ақмола облысынан - Ерғалиев Жабал Ерғалиұлы (84,6 пайыз);

Ақтөбе облысынан - Сағындықов Елеусін Наурызбайұлы (90,8 пайыз) ;

Атырау облысынан - Ищанов Қайрат Қыдырбайұлы (66,4 пайыз);

Шығыс Қазақстан облысынан - Абайділдин Талғатбек Жәмшитұлы (89,7 пайыз);

Жамбыл облысынан - Астаев Ертарғын Кәкімбекұлы (90,8 пайыз);

Батыс Қазақстан облысынан - Ахметов Рашит Сайранұлы (86,9 пайыз);

Қарағанды облысынан - Ақылбай Серік Байсейітұлы (94,6 пайыз);

Қостанай облысынан - Нұрғалиев Жеңіс Мирасұлы (92,4 пайыз);

Қызылорда облысынан - Мұхамедов Мұрат Бахтиярұлы (81,3 пайыз);

Маңғыстау облысынан - Шелпеков Бақтыбай Ақбердіұлы (98,2 пайыз);

Павлодар облысынан - Күзеков Асхат Сайпиұлы (91,3 пайыз);

Солтүстік Қазақстан облысынан - Ескендіров Самат Сапарбекұлы (82,5 пайыз);

Оңтүстік Қазақстан облысынан - Айтаханов Қуаныш Айтаханұлы (81,9 пайыз).

Алдағы күні Орталық сайлау комиссиясы өңірлік комиссиялардың хаттамасын 20 тамыздан кешіктірмей алып, соның негізінде 25 тамызға дейін сайлаудың соңғы нәтижелерін ресми түрде жариялауды жүзеге асырады. Дегенмен де соңғы нәтиженің бүгінгі күні белгілі болып отырған алдын ала мәліметтерден еш алшақ болмайтынына күмән келтірмесе де болатындай. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі мәліметтерге қарағанда, сайланған 16 депутаттың 6-ауы бұрынғы сенаторлар болып табылады. Ал Сенат депутаттарының сайлауында жеңіске жеткендердің барлығы дерлік алдын ала мәліметтер бойынша «Нұр Отан» ХДП мүшесі болып отыр. Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин сайлау қорытындыларына қатысты түісініктеме берген болатын. «Парламент Сенатының сайлауында «Нұр Отан» партиясы, билік партиясы ретінде өз кандидаттарын барлық аймақтарда ұсынған болатын. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, біздің барлық кандидаттарымыз үлкен жеңіске жетті. Бұл - ең алдымен, Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын Қазақстан халқының толық қолдауының тағы бір нақты дәлелі», - деді ол.