Ал сайлау қорытындылары туралы хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында 10 қазаннан кешіктірілмей жарияланады. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беру, дауыстарды санау және оның нәтижелерін жария ету 2014 жылғы 1 қазанда таңдаушылардың (мәслихат депутаттарының) бірлескен отырысында өтеді. Көптеген өңірлерде отырыстар жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10-11-де басталады. Таңдаушылар отырысына облыстың барлық мәслихаттарынан өкілдік ететін сайланған депутаттар санының елу пайыздан астамы қатысқан жағдайда, ол заңды болып саналады.
Сонымен қатар, ОСК ақпаратына қарағанда, республикада барлығы түрлі деңгейдегі 213 мәслихат жұмыс жасайды. Дауыс беру өткізілген болып танылуы үшін таңдаушылардың (мәслихат депутаттарының) бірлескен отырысында оған қатысқан таңдаушылардың елу пайызынан астамы дауыс беруге қатысуы тиіс.
Ал дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу пайыздан астамының дауысын алған кандидат сайланған болып есептеледі. «Сайлаудың соңғы қорытындыларын Ортсайлауком 7 қазаннан кешіктірмей анықтайды. Сайлаудың қорытындылары туралы ақпарат БАҚ-та 2014 жылғы 10 қазанынан кешіктірмей жарияланады. Дауыс берудің еркіндігі мен құпиялылығы қағидаттары негіз қалаушы болып табылады және бұл мүлтіксіз орындалуы тиіс» - деп атап өтті Бас сайлауком Қ. Тұрғанқұлов.