17 наурыздан бастап жолдардың түзу учаскелерінде арнайы камералар жұмыс істеп, олар жүрген қашықтықты жүріп өткен уақытқа бөлу арқылы жүргізушінің орташа жылдамдығын есептей бастады.
- 17 наурыздан 24 сәуірге дейінгі аралықта жүргізілген талдаудың нәтижесі бойынша камералар орнатылған жол учаскелерінде жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмендегені анықталды. Сонымен қатар, жарақат алғандардың саны 29%-ға азайды. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігінің артқанын көрсетеді, - деп жазды ҚазАвтоЖолдан.
Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жүргізушілердің тәртібіне оң әсерін тигізуде: олар белгіленген жылдамдықты жиі сақтап, жол-көлік оқиғаларының тәуекелін айтарлықтай төмендетуде. Соның нәтижесінде жолдардағы жарақаттану деңгейі азаюда.
Естеріңізге сала өтейік, орташа жылдамдық келесі жол учаскелерінде бақыланады: Астана – Щучинск (жылдамдық шектеуі 140 км/сағ); Астана – Павлодар (жылдамдық шектеуі 140 км/сағ); Шымкент – Қызылорда (жылдамдық шектеуі 110 км/сағ); Шымкент – Тараз (жылдамдық шектеуі 110 км/сағ); Павлодар – Семей – Қалбатау (жылдамдық шектеуі 100–110 км/сағ); Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты) (жылдамдық шектеуі 100 км/сағ); Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты) (жылдамдық шектеуі 100–110 км/сағ).
- Бүгін де аталған шаралар өз тиімділігін көрсетіп, елдің негізгі автожолдарында қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға ықпал етуде, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Қызылордада жылдамдық режимін 17 рет бұзған жүргізуші анықталды.