Өртенген автобуста 20 адам тірідей жанып кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтың Так провинциясында Мьянмадан шыққан 47 жолаушысы бар автобус өртеніп, 20 адам қаза тапты. Олардың барлығы еңбек мигранттары болған, деп хабарлайды The Nation газеті.

Автобус Таиландқа заңды түрде келе жатқан. Бейсенбіден жұмаға қараған түні ол белгісіз себептермен жана бастаған. 

Апаттан аман шыққандардың сөзіне қарағанда, өрт салонның ортасында тұтанып, көзді ашып-жұмғанша автобустың артқы бөлігін әп-сәтте шарпыған. Сондықтан артқы орындықтарда отырғандар сыртқа шыға алмаған. Жүргізуші автобусты шұғыл тоқтатып, әйелімен бірге сыртқа шыққан. Артынша көмекші жүргізушісі мен 24 жолаушы шығып үлгерген. Газеттің хабарлауынша, 20 адам тірідей жанып кеткен.

Қайғылы оқиға бойынша тергеп-тексеру жүріп жатыр.