Өртеніп жатқан «Хазірет Сұлтан» мешітінен құтқарушылар 13 адамды аман алып шықты

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елорданың өртке қарсы қызметінің мамандары өртеніп жатқан «Хазірет Сұлтан» мешітінен 13 адамды аман-есен алып шықты, деп мәлім етті ҚазАқпарат тілшісіне Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

«Төтенше оқиға орнында 35 техника жұмыс істеуде. Өртке қарсы қызмет мамандарымыз 13 адамды құтқарды. Оларға қазір медициналық көмек көрсетілуде», - деді ведомство баспасөз қызметінің маманы Бибигүл Есмағамбетова.

Оның атап өтуінше, өрттің шығу себебі мен таралу аумағы нақтылану үстінде. Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша, мешіттегі өрт ауыздықталған жоқ.

Айта кетейік, осы күнге дейін мешіттің құрылысы 90 пайызға аяқталып, тек ою-өрнек, бояу жағу, декоративті жұмыстар ғана қалған болатын. 3 қабаттан тұратын мешітте неке қию залы, асхана, техникалық бөлмелер, имамдардың кабинеттері орналасатын болады. 5000 адамға есептелген діни мекеменің ауданы 18 мың шаршы метрді құрайды. Ал нысанның алып жатқан жалпы аумағы - 12 гектарға жуық. Мешіттің күмбезі Қазақстан бойынша ең үлкен деп айтуға болады. Оның диаметрі 28 метрден астам. Ал биіктігі 52 метрді құрайды. Нысанның 4 мұнарасының биіктігі 77 метрге тең.