«Green Bus» ЖШС директорының орынбасары Бахытжан Рыспаевтың айтуынша, автобус жолға шықпастан бұрын әбден тексерілген.
«Қорытындысы шықпай, автобустың өртену себебін әлі айта алмаймын. Комиссия тыңғылықты сараптама жасап жатыр. Комиссия құрамына әртүрлі қызмет мамандары, мемлекеттік орган өкілдері енді. Біз енді алда мұндай жағдайды болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын қарастыратын боламыз», - деді ол.
Айта кетейік, бүгін Алматы қаласы бойынша ТЖД басшысы Серік Әубәкіров аталған бағдардағы автобус жүргізушісі, 30 жастағы Азамат Сағыновқа өрт сөндірушілерді күтіп тұрмастан, көліктегі 10 оқушыны құтқарғаны үшін Алғыс хат тапсырды.
Жүргізуші өз сөзінде өрт шыққанда сасып қалмағанын, жолаушыларды түсіріп болған соң ғана, өрт сөндіру баллонымен қызыл жалынды ауыздықтауға кіріскенін айтты.
Еске сала кетейік, 6 қазан күні Достық даңғылы бойымен Бутакавкаға кетіп бара жатқан №29 автобус өртеніп кетті. Жүргізуші автобусты тоқтатып, 10 оқушыны алып шыққан.