Кеше, сейсенбіде Қостанай қаласының Тобольская көшесінің бойында орналасқан жекеменшік тұрғын үйде өрт болды. Жалын 6 шаршы метр аумақты шарпыды. Өрт орнында 32 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Қостанай облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 8 адамы мен 2 техникасы жұмылдырылды.
Сол күні Солтүстік Қазақстан облысының Бешкөл ауылында Абай көшесі бойындағы 2 пәтерлі жекеменшік үй өртенді. Бықсып жатқан матрацтың салдарынан түтін басқан пәтерде 87 жастағы зейнеткердің мәйіті табылды. Жалын жергілікті тұрғындармен сөндірілді. Өрт сөндіру қызметі шақырылмады.