Өрттен аман қалған Құран

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Әзірбайжан Республикасының Зағатал ауданындағы бес бөлмеден тұратын екі қабатты жекеменшік үй өртенген кезде қасиетті Құран кітабына еш зиян келмеген.

Үй иесінің айтуынша, ол өрт салдарынан 85 мың манат тұратын дүние-мүлкінен айырылған. Жеті адамнан тұратын екі отбасы баспанасыз қалды. Ерекше айта кетер жайт, барлық дүние-мүлік түгі қалмай жанып кеткенімен үйдің ішіндегі қасиетті Құран оттан «аман» қалыпты.

Естеріңізге сала кетейік, осыған ұқсас оқиға былтыр да дәл осы Әзірбайжан елінде орын алған болатын. 2013 жылдың 19 қазанында Сұмғайыт қаласындағы «Кярван» деп аталатын сауда орталығы өртеніп, отқа оранған сауда орталығындағы тауарлардан түк қалмай жанып кеткен. Бір қызығы, қасиетті Құранға зәредей зиян келмеген.

Жалыны бет қаратпай лаулаған өрттің күштілігі сондай, оны сөндіру үшін бірнеше өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.