24 қазанда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында «Halyk Орманы» жобасы аясында күзгі ағаш отырғызу науқаны өтті. Бастаманы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры бірлесіп жүзеге асырған.
Ертіс өңіріндегі таспалы қарағайлы ормандар 1997 жыл мен 2023 жылдар аралығында өрттерден едәуір зардап шекті. Тек 2023 жылдың өзінде өрт 60 мың гектардан астам аумақты шарпыды. Мұндай ауқымды жерді бір маусымда қалпына келтіру мүмкін емес. Жас қарағайлардың жерсініп, тамыр жайып, нығаюы үшін бірнеше жыл қажет болса, толыққанды қарағайлы орманның қалыптасуына ондаған жыл керек.
Сондықтан «Halyk Орманы» жобасы ағаш отырғызумен ғана шектелмейді. Оның маңызды бөлігі — отырғызылған ағаштардың өсіп-жетілуіне және оларды күтіп-баптауға қажетті жағдай жасау.
Орман көшетханадан басталады
Орманды қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі көшеттер жерге отырғызылмай тұрып-ақ айқындала бастайды. Ол үшін көшеттерді дұрыс өсіру, жеткілікті мөлшерде суару және оларды қоршаған ортаның жағдайына бейімдеу қажет.
Halyk қайырымдылық қоры Морозов орман көшетханасындағы суару жүйесін жаңғыртуға 146,5 миллион теңге бөлді. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін суарылатын аумақтың көлемі 34 гектардан 46 гектарға дейін ұлғайып, әр гектардан алынатын көшет саны 800 мыңнан 1,1 миллионға дейін артады.
Осындай жұмыстар Бөкеев филиалында да жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қор Канонерка филиалындағы жылыжай кешенін жаңғыртуға қолдау көрсетті. 2029 жылдың соңына дейін резерват құрамындағы тоғыз көшетхананың бесеуін жаңарту жоспарланып отыр.
— Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры 2025 жылы «Семей орманы» резерватына, Іле-Алатауы ұлттық паркіне және Астана қаласының жасыл белдеуіне 9 миллион ағаш отырғызу үшін 1 миллиард теңге бөлді. Бұл бағдарлама бес жылға есептелген. Осылайша біз орман алқаптарын сақтауға, таза ауа мен еліміздің экологиясын жақсартуға үлес қосу арқылы болашақ ұрпақтың денсаулығына инвестиция салып отырмыз, — дейді Halyk Bank басқарма төрайымы, Halyk қайырымдылық қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова.
Орманды қалпына келтіру жұмыстарымен танысу
Жобаның нәтижелерін көпшілікке таныстыру және жаңа серіктестер тарту мақсатында қор Абай облысына ақпараттық тур ұйымдастырды. Оған қайырымдылық қорларының өкілдері, журналистер мен блогерлерді қоса алғанда, 30-дан астам адам қатысты.
— Орманды қалпына келтіру — бір күнде бітетін жұмыс емес. Көшеттерді отырғызбас бұрын оларды өсіруге қажетті жағдай жасау, ал кейін тұрақты түрде күтіп-баптау маңызды. Бұл жобаның құндылығы — бизнес пен қоғамды ортақ іске жұмылдырып, орманды қалпына келтірудің жүйелі тәсілін қалыптастыруында, — деді ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов.
Green Eco компаниясының негізін қалаушы Роман Шнайдерман да сапалы отырғызу материалының және көшеттерді өсірудің заманауи технологияларының маңызына тоқталды.
— Қазақстанда сапалы отырғызу материалы мен орман көшетханаларының өндірістік қуаты тапшы. Сондықтан қордың көрсетіп отырған көмегі ерекше маңызды. «Семей орманы» резерватында табиғи ортада өсетін кәдімгі қарағай өсіріледі. Заманауи технологиялар сапалы көшеттер алуға мүмкіндік береді. Отырғызар алдында көшеттер шынықтыру кезеңінен өтеді. Бұл уақытта олар қоршаған ортаның жағдайына біртіндеп бейімделеді, — деп атап өтті сарапшы.
Орманды қалпына келтіруге серіктестер де атсалысып жатыр
Жобаны EUROBAK, FlyArystan, Нұрлан Қаппаровтың қоғамдық қоры және ROSSKO компаниясы қолдайды.
Күзгі ағаш отырғызу науқаны мен ақпараттық турды ұйымдастыру, сондай-ақ логистикалық жұмыстармен Qazaq Oil жанармай құю бекеттері желісі және Halyk Bank-тің Абай облысындағы филиалы айналысып отыр.
Орманды қалпына келтіру жұмыстарына қарапайым тұрғындар да үлес қоса алады. Halyk және Kaspi мобильді қосымшаларындағы QR-кодтар арқылы бүгінге дейін 10 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.
Қаржылай үлес қосуға, қажетті ресурстар ұсынуға немесе жобаға өз қызметкерлерін тартуға дайын компаниялар мен ұйымдар Halyk қайырымдылық қорына хабарласа алады.
Бес жылда — 9 миллион ағаш
Күзгі науқанның нақты нәтижесі бірден белгілі болмайды. Отырғызылған жас ағаштардың қаншасы жерсініп, өсіп кеткенін бағалау үшін уақыт қажет. Сондықтан жоба бір күнде отырғызылған ағаштардың санына ғана емес, көшетханаларды дамытуға, суару жүйесін жетілдіруге және ағаштарды кейіннен күтіп-баптауға да басымдық береді.
Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры он жыл көлемінде жалпы сомасы 100 миллиард теңгеге жуық 200-ден астам жобаны жүзеге асырған.