Орынбасары жемқорлықпен ұсталған Құрманғазы ауданының әкімі отставкаға берді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Ол аудандық соттың үкімімен мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды және 2 750 000 мөлшерінде айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

3 шілдеде сот Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Өркен Тәжібаевқа үкім шығарды. Ол билікті асыра пайдаланды, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу және алаяқтық жасады деп айыпталды.

Мәселен, Тәжібаев туысқандарына тіркелген ЖШС және ЖК басқармасына артықшылықтар берген, балықшы күніне арналған іс-шараны өткізу сылтауымен ЖШС құрылтайшысының 150 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатын иемдеген. Сондай-ақ өндірістік кооперативтердің біріне 500 мың теңге зиян келтірді. Мұнымен қоса ауданның аз қамтылған азаматтары үшін қорғаныс медициналық маскаларын сатып алуға қаржылық көмек көрсету сылтауымен кәсіпкерлердің жалпы сомасы 125 мың теңге ақшалай қаражатын жымқырған.

Нәтижесінде экс-шенеунікке 2 млн 750 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

«Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жаңа редакциясына сәйкес бірінші басшы айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға кетуге міндетті.

Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде Құрманғазы ауданының әкімі Қ.Нұртаев қол астындағыларға қатысты сыбайлас жемқорлық жанжалынан кейін отставкаға кетті, деп хабарлады брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары А. Мамытов.