Орындықта отырған қартты соққыға жыққан азамат іздестірілуде
00:12, 30 Наурыз 2016
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда жас жігіттің ешбір себепсіз қарт адамды келіп соққының астына алғаны бейнеленген видео әлеуметтік желіде кеңінен таралуда.
Алексей Кот есімді Facebook пайдаланушысы бұл роликтің Павлодарда түсірілгенін жазған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Павлодар облыстық ІІД жергілікті полициясының инспекторы Бибол Жұмановтың айтуынша, қазіргі таңда аталмыш фактіге қатысты тексеру амалдары басталған.
"Facebook қолданушысының астындағы пікірлерге көз жүгіртсек, бұл видео «Тұлпар» сауда үйінің маңындағы үйде түсірілген. Подъездегі бейнекамера Естай көшесіндегі үйлердің бірі болуы мүмкін. Бәлкім, бұл оқиға Павлодарда орын алмаған да шығар. Сондықтан тексеру амалдарының қорытындысы белгілі болған соң, жас жігіт жауапқа тартылады", - деді Б. Жұманов.
Видеода байқалғандай, 60 жастан асқан қарияға жас жігіт үш рет беттен соққы жасаған.