Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы митрополия округінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, 29-30 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шақыртуымен Астанаға екінші мәрте сапарлайтын Патриарх Кирилл IV Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысады.
29 мамыр күні Ақордада Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кириллді Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдайды деп жоспарлануда. Ал осы күні сағат 17:00-де Патриарх Кирилл Астананың Успен кафедралды соборына барады. Қазақстанның басты православ соборында ол Жетісу өңірінің қорғаушылары болып есептелетін жаңа Қазақстандық әулие азап шегушілер Серафим мен Феогност сүйектерінің алдында құдайға құлшылық етіп, жаңа иконостасқа қатысты рәсім жүргізеді.
«Біз Патриархты 17-00-де күтеміз. 16-00-де жиналуларыңызды өтінемін, шамамен 18-30-да Патриарх халық алдына шығып, осы сәтте жиналғандарға сөз арнайды», - дейді митрополит Александр.
Сондай-ақ оның атап өтуінше, құдайға құлшылық ету рәсімі аяқталған соң Патриарх Кирилл Астананың Успен кафедралды соборының жанындағы Қазақстан Православ Шіркеуі Синодының жаңадан салынған ғимараты мен Кирилл мен Мефодий атындағы діни-мәдени-ағарту орталығында салтанатты рәсім жүргізеді.
Синод ғимараты мен діни-мәдени-ағарту орталығындағы рәсім аяқталған соң, Патриарх Кирилл есту қабілетін жоғалтқан балаларға кохлеарлық имплантант қою бойынша ота жасауға сертификаттар табыстайды.