Орыс тілі білгірлері «Ой-санада» бақ сынады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті және Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Ой-сана» орыс тілі білгірлерінің республикалық байқауын өткізді.

Бұл туралы Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Байқаудың мақсаты - ұлтаралық қарым-қатынас жағдайында белсенді көзқарастарын қалыптастыруға бағытталған шығармашылық бастамаларын жүзеге асыру, орыс тілін еркін меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау.

Байқау екі кезеңге бөлінді. І кезең - үш тапсырма аясында, ІІ кезең - «Шабыт жұлдызы» бөлімі мен марапаттау рәсімінен тұрды. Сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған, орыс тілін жақсы білетін, сараланып, өз мекенінде дараланып келген үздік 16 оқушы қатысты.

Жаңылтпаштан (І тапсырма) жаңылмай өтіп, диалогта (ІІ тапсырма) дара шапқан, «Эссе жазу» бөлімінде (ІІІ тапсырма) әсерлі мәтінімен ерекшеленіп, озық идея, теориялық сауаттылығымен көзге ілініп, актерлік шеберлігімен барша қауымды, қазылар алқасын тәнті еткен Шығыс Қазақстанның үкілеген үміті Ермұханбетова Ақмарал Ермұханбетқызы бас жүлдені қанжығасына байлады. І орын - қарағандылық Тастубай Айжан Сембайқызына бұйырса, ІІ орын - Батыс Қазақстаннан келген Амангельдинова Аяулым Эдуардқызына, ІІІ орынмен алматылық Исак Ару марапатталды.

Қадірлі қонақ ретінде ҚР Мәжіліс депутаттары Ә.Т. Бимендина мен Н. М. Петухова, ҚР Ресей ынтымақтастық өкілдігінің басшысы Виктор Нефедов, Қазақстан Орыс қауымдастығының басшысы Юрий Бунаков, Қазақстан Республикасындағы Ресей федерациясы елшілігінің кеңесшісі Е.В. Лысенко құттықтау сөз сөйледі.

Байқау соңы концерттік бағдарламаға ұласты