***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, осы күні қағаз толтырудан бізде қай мекеме болсын алдына жан салмайды. Ел Президентінің өзі мұғалімдер мен дәрігерлерді қағазбастылықтан босатыңдар дегенді ашық айтты. Ол сөз газеттерде де жазылды, бірақ, құлақ асып жатқан ешкім жоқ сияқты. «Олай дейтінім - менің жоғары оқу орнында қызмет еткеніме көп жыл болды. Әсіресе, соңғы жылдарда біз толтыратын қосымша қағаздар еселеп көбейіп барады. Өзім жұмыс істейтін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі жағдай да нақ осындай. Оқу жүйесі бұзылмай тұрған сонау жылдары бірінші жарты жылдықта, демек, семестр біткенде, бір бет, жазда тағы бір бет есеп жазатын едік. Сонымен қоятынбыз»,-деп жазады автор. Бұл туралы «Қағазбастылықтан қашан құтыламыз?» деген мақалада берілген.
Бас басылымда «Талай қазақ баласы өзбек мектебінде оқып жүр» деген мақала жарияланды. Бәлкім, бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ шығар. Бірақ, Сайрам ауданында қазақтың бірталай ұл-қыздары өзбек сыныптарында оқып жүргені рас. Облыстық білім басқармасының үлкен жиында айтқан мәліметіне қарағанда, бүгінде 150 қазақ баласы өзбек мектептерінің партасында отыр. Бұл мәселені алғаш рет облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Балқия Көмекбаева айтқан болатын. Іле-шала облыстық мәслихаттың депутаттары мәселе етіп көтерді. «Өзбек мектептерінде оқитын оқушылардың бірінің анасы өзбек, бірінің әкесі өзбек. Тіпті, Манкент ауылынан интернат та аштық. Бірақ ата-аналар балаларын онда бергісі келмейді. Ал, біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз» деп жауап берген болатын халық қалаулыларының сұрағына облыстық білім басқармасының басшылары.
***
«Айқын» басылымында «Орыстілділерді оқыту өзгереді» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Еліміздегі орыс тілді мектептердегі қазақ тілін оқытудың талаптарын өзгерту қажет. Осыған байланысты ұсынысты Білім және ғылым министрлігі арнайы дайындап, Үкіметтің алдына қоймақшы. Иә, күрмеуі көбейген мәселенің шешімін іздеу әлдеқашан келген. Мемлекеттік тілді 11 жыл оқыса да мектептен ештеңе қақпай шығатын өзге ұлт өкілдерін барлығы көріп жүрсе де, түбегейлі шешім қабылданар емес. Егер дәл осы қалыптан өзгермесе «қазақстандықтар оншақты жылдың көлемінде 95 пайыз мемлекеттік тілді меңгереді» деген меженің орындалмайтыны анық. Қазір оқыту сапасына арттыратын тың ұсынысты тиісті топ жасап жатыр. Оны Үкімет мақұлдаса, орыс тілді білім ұяларына қазақ тілін үйрету жаңаша жүргізіледі.
Осы басылымның жазуынша, қазақстандық құрылыс компаниялары пәтерлерді толық әрленген күйде тапсыру талабына қарсы шығып жатыр. Олар осының күшін жоюды сұрап, Үкіметке жүгінді. Құрылыс компанияларының тұрғын үй кешендерін уақытында қолданысқа бере алмай жатуына осы кедергі көрінеді. «Өйткені сәулет, құрылыс бақылау департаменттері Үкімет қаулысымен бекітілген ережелерге сілтеме жасап, бұл нысандарды қабылдап алудан бас тартады. Біздің пікірімізше, «таза әрлеуді» міндетті түрде талап ету тұрғын үйдің функционалдық дайындығына ешқандай қатысы жоқ» дейді олар. Бұл жайында «Үйді әрленбеген күйде тапсырған дұрыс па?» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Әке беделі неге төмендеді?» деген мақала берілген. Бүгінде ер-азаматтардың арасында отбасының иесі, оның асыраушысы бола алмай жүргендер аз емес. Жағымсыз іс-әрекеттері мен дөрекі мінез-құлықтарының салдарынан отбасындағы жылылыққа нұқсан келтіріп алатындар да бар. «Үй-жайы, айтарлықтай бизнесі бар басы бос әйелдерді сыбай-салтаң жігіттер айналдыра бастағандығы туралы әңгімелерді де естіп жатамыз. Елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған кезде бала-шағасын тастап, екінші, үшінші, тіпті бесінші әйелдің қолына кіріп алатын еркек кіндіктілер де бой көрсетуде»,-деп жазады мақала авторы.