Өсек-аяң салдарынан қытайлық банктердің жұмысы үш күнге тұралап қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайлық Яньчэн қаласында жергілікті банктердің жұмысында едәуір қиындық тудырған күдікті құрықталды.

Атап айтқанда, аптаның басында кейбір банктердің төлемдерді жүзеге асыруға қабілетсіз деген өсек тарап кеткен болатын. Осы орайда екі банктің клиенттері есепшоттарынан қаржыларын қайтаруға жаппай кіріскен көрінеді. Бұл қарбалас үш күнге созылды.

Адамдарды тыныштандыру аясында Яньчэн билігі банктерде қаржы бар екенін дәлелдеу үшін адамдардың көзінше бума-бума ақшаны үйіп қоюға нұсқау берген.

Бұл оқиғадан кейін Қытай билігі осы тектес өсек-аяңның таралуына жол бермес үшін тиісті шараларды қолданатынын ескертті.