Осыдан 51 жыл бұрын Рубик текшелері пайда болды

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін әлем бойынша Рубик текшелерінің туған күні. Логика, шыдамдылық пен есте сақтау қабілетін дамытатын ойыншық осыдан 51 жыл бұрын Мажарстанда пайда болған. Қазір әлемде оның 450 миллионнан астам данасы сатылады. Ал бүгін «Бүгін LIVE» студиясында рубик текшелерін жинауды хоббиге айналдырған зияткер жастар қонақ болды. 

— Мен спидкубингпен 10 жыл бойы айналысып келе жатырмын. Маған алғаш рет Рубик текшелерін анам сатып алды. Оны алғаш рет қолыма алғанда, мұны шешу мүмкін емес деп ойладым. Бірақ қызығушылығым жеңіп, күн сайын жаттыға бастадым. Қазір Рубик текшелерін жинаудан жеке рекордым — 3,61 секунд, — дейді Әлішер Құрмаш.

Спидкубер бүгінде Назарбаев университетінің 1-курс студенті. Ол түрлі жарыстарға қатысып, бағын сынап көріп жүр.

— Қазақстанда спидкубинг қарқынды дамыған. Жастар түрлі турнирлерге белсенді қатысады. Бірақ спидкубинг тек қана 3×3 өлшемді классикалық түрімен ғана шектелмейді. Ресми жарыстарда 17 түрлі рубик текшелері болады. Ең оңайы — 2×2, — дейді студент.

Әлішер Құрмаш классикалық Рубик текшелерін тез әрі дұрыс жинаудың техникасымен бөлісті.

— Әрбір Рубик текшелерін дұрыс жинаудың өзіндік алгоритмдері бар. Ең бірінші қадам — қосу белгісін жинау. Кейін ақ түстерді, содан соң екінші бетін бітіреміз. Кейін үшінші түсті бітіріп, бір алгоритммен Рубикті толықтай жинаймыз, — дейді ол.

Рубик текшелерін жылдамдыққа жинауды хоббиіне айналдырған тағы бір студия қонағы — Айдар Нәдір. Спидкубер классикалық Рубик басқатырғышын ең жылдам 5,69 секундта жинаған.

— Мен спидкубингпен 7 жасымнан бері айналысамын. Қазір бұл хоббимен айналысып жүргеніме 8 жыл болды. Оған менің ағам себеп болды. Қазіргі таңда мен сағат тілді Рубик басқатырғышын жинау бойынша Қазақстандық рекорд иегерімін. Орташа уақыт — 5,48 секунд. Ал жеке үйдегі рекордым — 2,5 секунд, — дейді спидкубер.

Айта кетейік, дәл осы басқатырғышты жинау бойынша жаңа әлемдік рекордты Қытайлық 11 жасар Ихэн Ван орнатқан. Ол Рубик текшелерін небәрі 3,081 секундта құрастырып, бұрынғы рекордты жаңартты. Алдыңғы жетістік 21 жастағы америкалық Макс Паркте болған, ол 2023 жылы кубикті 3,13 секундта жинаған еді. 

Айта кетелік топай асық жинаған ақтөбелік Қазақстан рекордтар кітабына енген еді