Осыған дейін 4 адам мерт болған нөсер жауыннан Оңтүстік Кореяға тағы да қауіп төнді

Фото: en.yna.co.kr

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяда үш күн қатарынан жауған нөсер жауын салдарынан 4 адам мерт болды. Тағы 1 адам із-түзсіз жоғалып, 5 мың адам эвакуацияланды.

Бұл туралы жұма күні ресми органдар мәлім етті. Ал метеорологиялық қызмет ел бойынша тағы да мол көлемде нөсер жаңбыр жаууы мүмкін екенін айтты, деп жазады Yonhap.

Табиғи апаттармен және қауіпсіздік шараларымен жұмыс жөніндегі орталық штаб мәліметтері бойынша, елдің орталық және оңтүстік өңірлеріне түскен нөсер жауын салдарынан болған табиғи апат құрбандары көбіне Оңтүстік Чхунчхонда тіркелген.

Билік өкілдерінің хабарлауынша, жұма күні таңғы сағат 6-00-дегі мәліметтер бойынша, 13 қала мен провинциядан 5192 адам баспаналарын тастап шыққан.

Барлығы 496 қоғамдық, 276 жеке мүлік бүлінгені анықталды. Олардың ішінде 328 жолды су басу, 30 өзен дамбаларының бұзылу жағдайлары бар.

Жолаушылар паромының екі бағытында қозғалыс тоқтатылса, 8 бағыт бойынша пойыздар жүрмейтін болды.

Барлығы 45 рет жарық сөндіру жағдайлары тіркеліп, олардың 36-сы жұма күні азаңмен қалпына келтірілді. Өзгелері бойынша тиісті жұмыстары жалғасып жатыр.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяда нөсер салдарынан екі адам қаза тауып, мыңға жуық тұрғын көшірілгенін жазған едік.