Сөз арасында министр ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі мәселесіне тоқталған болатын. Оның айтуынша, еліміздегі субсидия бөлу саясаты шаруалардың агротехнологияны енгізіп, енгізбегеніне қарамай бөлінеді. Бұның өзі тауар өндірушілерді жаңа технологиямен, техникамен қамтамасыз етуге ынталандырмай отыр. «Мәселен, бізде мақта шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілердің басым бөлігі ескі тәсілмен жұмыс істейді, техникалар жетіспейді. Көпшілік жағдайда қол еңбегіне жүгінеді, соның ішінде қол еңбегіне көрші елдерден мигранттар жалданады. Ал егер осындай қолмен атқарылатын жұмыстың гектарына жұмсалатын шығыстарды есептесек, бұл шамамен 50 мың теңгеден артады. Егер, шаруалар осының орнына арнайы комбайнды пайдаланса, онда оның амортизациясын, комбайншының еңбекақысын, техниканың барлық шығындарын есепке алғанның өзінде гектарына 12-14 мың теңгені құрайтын еді. Яғни, тауар өндіруші қарапайым жинайтын техниканың жоқтығынан әр гектардан 40 мың теңгеге дейін жоғалтып отыр. Біз мұндай себетін, отау секілді маусымдық жұмыстарды атқаратын техникалар туралы айтып отырған да жоқпыз», - дейді А. Мамытбеков. Осы ретте ведомство басшысы субсидиялардың қазіргі күні технологиялық жарақтануға, соның ішінде заманауи техникалар иеленуге еш әсер етпей отырғанын алға тартады. «Қазіргі күні тек өсімдік шаруашылығы саласындағы техникамен жарақтандыруға қажеттілік 1 трлн теңгеден асады. Біздің есептеуімізше бұл сома 1 трлн. 200 млрд теңгеден асады»,- деді ол.
12:00, 09 Қараша 2015
Өсімдік шаруашылығын техникалармен қамтамасыз етуге 1 трлн теңгеден астам қаражат қажет - АШМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда еліміздегі өсімдік шаруашылығын ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етуге сұраныс 1 трлн теңгеден асып түседі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.