- Жыл басынан бері облыс бойынша жүргізілген жол жөндеу жұмыстарынан қанша кемшілік анықталды?
- Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ШҚО филиалының мамандары осы жылдың басынан бастап жөнделген жолдарға барлығы 464 рет тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде, 426 заңбұзушылық анықталды. Көбінесе жол жөндеуде қолданылған материалдар талапқа сәйкес келмейді. Бір жарым мың сынаманың үштен бірі бекітілген нормаларға сәйкес келмей шықты. Осылайша, мердігерлер барлық кемшілікті өз қаражаты есебінен жойып, 121 млн теңгенің жұмысын қайта істеді. Жалпы, біздің мекеме 2019 жылы Үкімет қаулысымен құрылған. Біз жолдарды салу, күтіп ұстау, күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және диагностикалық жұмыстарға сараптама жүргізуге құқылымыз.
- Орталық құрылғалы 4 жыл ғана өтіпті. Осы уақыт ішінде жол сапасына қатысты қанша заңбұзушылық тіркелді?
- Өңір бойынша төрт жылдың ішінде жолдарға 3900 рет тексеріс жасалып, 2300 ақау анықталды. Бүгінгі таңда ақаулардың барлығы жойылды. Мердігерлер сол олқылықтардың орнын толықтыруға өз есебінен 977 млн теңге жұмсады. Егер тексеріс жүргізіліп, бұл ақаулар анықталмаған жағдайда бәлкім, жолдар сондай күйде қала берер ме еді.
- Жылдан-жылға жол жөндеудегі кемшіліктер азайып келе ме, әлде керісінше артуда ма?
- Азайып келеді. Мәселен, 2021-2022 жылдары табылған ақаулардың көрсеткіші – 33 пайызды құраса, осы жылдың тоғыз айында – 26 пайыз. Демек, жыл өткен сайын жол жөндейтін мердігерлер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, ақауларды жібермеуге тырысуда.
- Енді облыс халқы жиі сынға алатын жолдарға қатысты сөз қозғасақ. Республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен», «Омбы-Майқапшағай» тасжолдарының құрылысы әлі аяқталмай жатыр. Неге бұл жұмыстар тым созылып кетті?
- «Алматы-Өскемен», «Омбы-Майқапшағай» тасжолдарының құрылысы 2019 жылы басталған. Негізі 2022 жылы толықтай аяқталуы тиіс еді. Алайда 2020 жылғы коронавирус пандемиясы, одан кейін нарықтағы құрылыс материалдарының қымбаттауы кері әсерін тигізіп, жұмыс баяулап қалды. Ал қазіргі уақытта жұмыс қарқыны арттырылған. 2024 жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары толықтай аяқталады деп жоспарланып отыр.
- Биыл осы жолдарды қанша рет тексердіңіздер?
- 2023 жылы бұл тасжол учаскелеріне 87 рет бардық. Барлығы 530-ға жуық сынама алынды. Аспаптарды тексеру барысында 67 ақау анықталып, 75 материал талапқа сай келмей шықты. Бүгінде осы ақаулардың 70 пайызы жөнделген. Бұл мақсатта мердігерлер 44 млн теңге жұмсады. Қалған кемшіліктер жыл соңына дейін жөнделуі тиіс.
- Құрылысы «жыр» болған жолдардың бірі - Осинов асуы. Бұл - өте маңызды жол. Себебі Алтай ауданындағы Бұқтырма су қоймасына және ел аузында "Екінші Швейцария" атанған Катонқарағай ауданына туристер тек осы жолмен жетеді. 5 жыл өтсе де жол әлі салынып бітпеді.
- 2019 жылы Осинов асуында басталған жол құрылысы бір жылдан кейін тоқтап қалды. Себебі жол салушылар орман шаруашылығының жеріне кіріп кетіп, қиыншылықтар туындады. Қазір барлық мәселе шешімін тапты. Бұрынғы мердігер нарықтағы бағаның өзгеріп кетуіне байланысты келісімшартты тоқтатты. Кейін қайта байқау өткізіліп, жаңа мердігер бекітілді. Келесі жылы жұмыс қарқынды жүргізіліп, 2025 жылы жол құрылысы мәресіне жетеді деп көзделген.
- Жол саласында маман тапшылығы бар ма?
- Иә. Мамандар жетіспей жатыр. Бұл тек Шығыс Қазақстанда емес, мұқым республика бойынша қалыптасқан жағдай. Нақты айтқанда, жол шеберлері, прорабтар, механизаторлар өте тапшы. Сол үшін біз мектептерге барып, оқушыларды жол саласына қызықтырып, бағыт-бағдар беріп жүрміз. Студенттерге Ашық есік күнін де өткіземіз. Соның барысында жолға материалдар қалай салынатындығын, зертханадағы жұмыстар қалай жүргізілетіндігін көрсетеміз.