ОСК 19 наурызда сайлауды ұйымдастырушылармен оқыту семинарларын аяқтайды

АНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда еліміздің барлық аймақтарында 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауын ұйымдастырушылармен оқыту семинарларын аяқтайды.

Бұл туралы бүгін аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов журналистермен болған брифингте айтты.

«Осыған дейін біз Астанада республикалық семинар-кеңес ұйымдастырдық. Мұндай семинарлар 19 наурызға дейін еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырылып бітеді. Бұл жиындарға Орталық сайлау комиссияларының мүшелері мен ОСК-ның Орталық аппаратының қызметкерлері қатысады. Бүгінгі дейін аумақтық сайлау комиссияларының мәжілістері дауыс беру күніне дайындық шараларына байланысты өтіп жатыр. 18 наурыз күні біз Астана қалалық сайлау комиссиясының сайлау күніне дайындығын тыңдаймыз»,-деді ОСК төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш шараға жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер саласының қызметкерлері де қатысады. «Біз осы жиында еліміздің бас қаласындағы жағдай бойынша еліміздің дауыс беру күнінен дайындығы қалай екендігін бақылап көреміз»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.