ОСК-да Сенат депуаттарының сайлауына орай баспасөз орталығы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық сайлау комиссиясы Сенат депуаттарының сайлауына орай баспасөз орталығын ашты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, Сенат депутаттарының сайлауы жайында жұртшылыққа неғұрлым толық ақпарат беру үшін Ортсайлаукомның тапсырысымен алдағы сайлауға арналған ақпараттық бейне және дыбысроликтері әзірленді. Олар негізгі республикалық және өңірлік теледидарлар мен радиоларда 1 тамыздан бастап таратылады. Барлық облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында ақпараттық билбордтар орналастырылады.

Сондай-ақ Қ.Тұрғанқұлов сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде тұрақты жұмыс жасайтын Ортсайлауком баспасөз орталығының ашылуы туралы хабардар етті.

«Алдағы сайлау науқанының маңыздылығын ескере отырып, Ортсайлауком барлық сайлау процесіне қатысушылардың сайлау заңнамасының нормаларын сақтауына ерекше көңіл бөліп, Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын Мемлекет басшысының Жарлығына толық сәйкес ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді» - деді Ортсайлауком төрағасы.