ОСК ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның кезектен тыс Президент сайлауын бақылауға қатысты №1 аралық есебін бекіту туралы хаттамалық шешім қабылдады

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясы кезекті отырыс барысында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауын бақылау жөніндегі наурыздың 1-і мен 14-і аралығындағы №1 аралық есебін бекіту туралы хаттамалық шешім қабылдады.

Отырыс барысында аталмыш құжатқа байланысты сөз қозғаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, құжатты ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ы наурыздың 21-і күні жария етті. «Құжат 12 бөлімнен тұрады және оның негізгі бөлігінде сайлаудың құқықтық базасына қысқаша шолу жасалған. Сондай-ақ құжат кезектен тыс Президент сайлауына байланысты әкімшілендіру жүйесі, сайлаушыларды тіркеу, кандидаттарды ұсыну мен тіркеу тәртібі, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі, азаматтардың арыздары мен шағымдарын қарау тәртібі мен процедуралары, байқаушылар қызметінің құқықтық негіздері сияқты бірқатар мәселелерді қамтиды. Есеп негізінен ақпараттық - бейтарап сипатқа ие. Онда Орталық сайлау комиссиясының сайлауға дайындалу мен оны өткізу жұмыстарын жақсы жүргізіп жатқандығы, сондай-ақ ОСК-ның тұрақты түрде өзінің мәжілістерін өткізіп, оны қоғамға барынша ашық етіп ұйымдастырып жүргендігі айтылған. Сондай-ақ осы есептің мәліметтері бойынша, ОСК журналистермен сайлауға байланысты тұрақты брифингтерді де өткізіп, ақпараттық веб-сайтына мәліметтер орналастырып отырады»,-деді ОСК төрағасы.

Оның сөзінен қарағанда, халықаралық ұйым миссиясының есебінде сайлауды ұйымдастырушыларды оқыту, сайлаушыларды сайлаудың өтетіндігінен хабардар ету мақсатында жүргізіп жатқан жұмыстары да жақсы бағаланған. «Есепте сарапшылардың сайлауды ұйымдастыруға байланысты сыни көзқарастары да жарияланған. Олар лингвистикалық комиссияның жұмысы мен комиссия өкілдерінің Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалауы, кандидаттардың ақпарат құралдарына теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етуі және ақпарат құралдарындағы кандидаттар туралы материалдардың жариялануы сияқты сан түрлі мәселелерді қамтиды. Айта кетерлігі сарапшылар тарапынан берілген сыни бағалардың арасында нақты фактілермен дәлелдеуді және сайлауға қатысты заңдар мен халықаралық талаптардың нақты баптарына сілтеме жасап дәлелдеуді қажет ететін мәселелер бар»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.