ОСК электронды дауыс беру жүйесіне ауысуды қарастырып жатқан жоқ

АСТАНА.KAZINFORM – Сайлауда немесе референдумда электронды дауыс беру жүйесін енгізу қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мәлім етті.

Фото: Kazinform

— Қазір күн тәртібінде электронды дауыс беру мәселесі тұрған жоқ. Әріптестеріміз шетелге барып, олардың тәжірибесін бақылап жүр. Жалпы, шетелде осы тақырыпты зерттеп жатыр, - деді ол.

Оның айтуынша, қазір тек 40 ел электронды нұсқа пайдаланып жатыр немесе сынақтан өткізу сатысында.

— Кейбір елдерде осындай үрдіс байқалып отыр, яғни электронды дауыс беруді енгізіп, оны сынақтан өткізгеннен кейін, бас тартады. Статистикаға қарағанда, бүгінде 12 елде мұндай жағдай болды. Германия, Нидерланды және Норвегия осы тәжірибені жүзеге асырды, содан кейін одан бас тартты. Бірінші сұрақ - бұған не себеп болды? Бұл ретте киберқауіпсіздік мәселесі көтеріліп отыр, - деді Ш. Өтемісов Парламен палаталарының бірлескен отырысы кезінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

ОСК хатшысы онлайн дауыс беру кезінде кибершабуылдар арқылы сайлауға араласу қаупі артатынын сөз етті.

— Мүлдем бас тартамыз деп айта алмаймын. Сонымен бірге, осы жүйені ұсынуға асықпаймыз. Атап айтқанда, осы мәселеге қатысты норманы Парламент қабылдайты. Орталық сайлау комиссиясы заң шығару бастамаларына қатыса алмайды, деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.