Бұл азаматтар «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының 59- бабының 5-тармақшасына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясына барлық қажетті құжаттарды өткізген. «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының 56-бабының 2- тармағына сәйкес, Президенттікке кандидат республикадағы облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының кем дегенде үштен екісінің атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде 1 пайызы қолдауы тиіс. Мелс Елеусізовтың кандидатурасын қолдап, еліміздің 15 өңірінен теңдей өкілдік ететін 97 мың 830 сайлаушының қолы жиналған. Бұл белсенді сайлау құқығына ие сайлаушылардың 1 пайызынан астамы. Ал Ғ.Қасымовтың кандидатурасын қолдап еліміздің 15 өңірінен теңдей өкілдік ететін 99 мың 728 сайлаушының қолы жиналған. Бұл да белсенді сайлау құқығына ие сайлаушылардың 1 пайызынан астамын құрайды.
Осылайша 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелгендердің саны 4 адамды құрап отыр. Олар: «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов және «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізов.
Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап республиканың 16 өңірінен 717 мың 340 сайлаушының қолы жиналған. Бұл белсенді сайлау құқығы бар азаматтардың 8 пайызға жуығын құрайды. Ал Ж.Ахметбековтың кандидатурасын қолдап, еліміздің 15 өңірінен теңдей өкілдік ететін 96 мың 557 сайлаушының қолы жиналған. Бұл белсенді сайлау құқығына ие сайлаушылардың 1 пайызынан астамын құрайды.
Айта кетейік, бұл күндері Президенттікке үміткерлердің ішінен заңгер Сәлім Өтен, эколог-ғалым Мұсағали Дуамбеков, «Нұр Ислам» туристiк фирмасының директоры Қанат Турагелдиев, уақытша жұмыссыз Гүлдана Тоқбаева, Жемқорлықпен күрес қоғамдық комитетінің төрағасы Жақсыбай Бәзілбаев, «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Құрманғазы Рахметов және жеке кәсіпкер Серік Сапарғали өздерін қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинау үстінде. ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының 59-бабының 5-тармағына сәйкес, Президенттікке кандидатты облыстардың кем дегенде үштен екісі, Астана және Алматы қалаларының атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде 1 пайызы қолдауы тиіс. ОСК қабылдаған қаулыға сәйкес, үміткерлерді қолдаған және расталған қолдардың саны 91 мың 10 адамды құрауы керек. Қол жинауды президенттікке кандидаттың сенім білдірілген адамдары ұйымдастырады. Бұл ретте әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болуы керек және онда кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, үміткерді қолдап қол жинаған сенім білдірілген адамның жеке қолы, тегі, аты және әкесінің аты, қол жинау жүргізілген елді мекеннің атауы көрсетілуі тиіс.