ОСК кезектен тыс Президент сайлауын бақылауға келген тағы 15 байқаушыны тіркеді

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауын бақылайтын ТМД Парламенттік Ассамблеясынан - 10, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясынан -2 және Тәжікстан Республикасынан 3 байқаушыны тіркеді.

Бұл туралы ОСК-ның кезекті отырысында мәлім болды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлапкованың мәліметтеріне қарағанда, белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына осымен барлығы 74 байқаушы тіркеліп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, ОСК осыған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясынан 44 байқаушыны, ТМД миссиясынан 2 байқаушыны, шет мемлекеттерден 11 байқаушыны және халықаралық республикалық институтынан 2 байқаушыны тіркеген болатын. Осылайша бүгінгі күні Президент сайлауын бақылайтын барлығы 74 байқаушы тіркеліп отыр.