ОСК кезектен тыс Президент сайлауын бақылауға келген тағы 328 байқаушыны тіркеді

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Орталық сайлау комиссиясы бүгін Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына қатысу мақсатында елімізге келген халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің тағы 328 байқаушысын тіркеді.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды.

ОСК-ның мүшесі Татьяна Охлапкованың мәліметтерінше, осымен кезектен тыс Президент сайлауын бақылау үшін елімізде тіркелген байқаушылардың жалпы саны 868-ге жетті. Олардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясынан - 335, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының миссиясынан -375, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясынан -12, халықаралық 4 ұйымнан -22, шет мемлекеттерден -124 байқаушы тіркелген.