ОСК: ҚР Парламентінің Мәжілісі сайлауына ҚХА атынан ұсынылған 9 үміткер тіркеуге алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан ұсынылған үміткерлерді тіркеу туралы қаулыны қабылдады.

Айта кетейік, ҚХА атынан 9 үміткер: Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлы, Божко Владимир Карпович, Жұмаділдаева Наталья Васильевна, Ким Роман Ухенович, Микаелян Наринэ Гамлетовна, Мурадов Ахмед Сейдарахманович, Нурумов Шаймардан Усаинович, Тимощенко Юрий Евгеньевич, Хахазов Шакир Хусаинович ұсынылған болатын.

ҚР ОСК хатшысы Бақыт Мелдешевтің айтуынша, үміткерлердің ОСК тіркеуіне қажетті құжаттар толық түскен.

«Бұл азаматтардың ҚР Конституциясы мен Сайлау туралы заңына сәйкестігі де анықталды. ҚР Ішкі істер министрлігі мен ҚР Бас прокуратурасынан керекті құжаттар түсті», - деп атап өтті Б.Мелдешов.

Қаулы қабылданғаннан кейін, үміткерлерге кандидаттарды тіркеу куәліктері тапсырылды.