Бұл туралы бүгін кезекті отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда мониторинг жұмыстары 53 басылым мен 11 республикалық телевизиялық арналарды қамтиды. «Бұған қоса біз 6 ақпарат агенттігі мен 11 қоғамдық-саяси бағыттағы интернет-ресурстардың материалдарын қадағалап отырмыз. Мониторинг жұмыстарының нәтижелеріне сәйкес, 3-10 наурыз аралығында баспасөз басылымдарында кезектен тыс Президент сайлауына арналған 223 материал жарияланды. Ал электронды ақпарат құралдарында 403 материал эфирге шықты, 166 материал қоғамдық-саяси интернет ресурстарында жарық көрді», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Сондай-ақ ол сөзінде Президенттікке кандидат, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үгіт-насихат жұмыстарына қатысудан бас тартуына байланысты Президенттің үгіт жұмыстарымен оның сенімді адамдары мен сайлауалды штабының өкілдері айналысып жатқандығын атап көрсетті. «Президенттікке кандидаттардың 3-уі өздерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жұмыстарына сайлау қорларының қаржысын пайдаланған жоқ. Ал телевидениедегі насихат жұмыстарын барлық кандидаттар жүзеге асырды», - деді ОСК төрағасы.
Оның сөзінше, Президенттікке кандидаттар туралы сюжеттер мен олардың сайлауалды штабтары жөніндегі телевидение арқылы таратылған қорытынды жаңалықтардан бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау заңнамаларын талапқа сай орындап отырғандығын көруге болады. «3-10 наурыз аралығында телевидение арқылы эфирге Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаев туралы 44 сюжет, Жамбыл Ахметбеков туралы 47 сюжет, Мелс Елеусізов туралы 50 сюжет және Ғани Қасымов туралы 51 сюжет шыққан. «Сайлау туралы» заңына сәйкес телевидениеден 15 минут, радиодан 10 минут сөйлеуге және баспасөз басылымдарының бетінде мақала жариялауға бөлінген қаржыны әлі бірде-бір кандидат пайдаланған жоқ», - деді Қ.Тұрғанқұлов.