ОСК Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілерін табыстады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 2026 жылғы 27 тамызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары тіркелді. Іс-шараға Құрылтайдың сайланған барлық депутат қатысты.

Фото: ҚР Орталық сайлау комиссиясы

Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес Құрылтай депутатының өкілеті Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында депутат ретінде тіркелген сәттен басталатынын айтты.

Фото: ҚР Орталық сайлау комиссиясы

Отырыста баяндама жасаған ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Орталық сайлау комиссиясы бес саяси партиядан сайланған Қазақстан Республикасы Құрылтайының 145 депутаттарын тіркеуді көздейтін қаулы жобаларын әзірлегенін хабарлады.

Фото: ҚР Орталық сайлау комиссиясы

Осыған байланысты «Әділет» партиясынан — 110 депутат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан — 8, «Ауыл» партиясынан — 10, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан — 8 және «Respublica» партиясынан — 9 депутат тіркелді.

Фото: ҚР Орталық сайлау комиссиясы

— Сіздердің өкілеттеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап басталды. Енді сіздер — Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган — Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарысыздар. Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңдері заңнама талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылды. Депутаттық мандат — халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі, ал Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға еліміз мен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді, — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Фото: ҚР Орталық сайлау комиссиясы

Іс-шара соңында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Құрылтай депутаттарына куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.

Еске салайық, бұған дейін партиялар Құрылтай депутаттарының тізімін жариялаған еді. «Әділет» партиясы 110, «Ауыл» партиясы 10, Respublica – тоғыз, ал ЖСДП мен «Ақ жол» партиялары сегіз депутаттан тұратын тізімді ұсынды.