ОСК Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасына заңсыз әрекеті үшін ескерту жасады

None
АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қорғанбек Қайруллаевты орнынан босатуды талап етіп, Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды.

Отырыс барысында аталмыш мәселе жөнінде баяндаған Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың айтуынша, 8 қаңтарда Қызылорда облысында «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт жұмыстарының аясында аталмыш партия жақтастарының форумы өткен. Осы жиын барысында Қызылорда облыстық аймақтық комиссиясының төрағасы микрофон арқылы «Ақ жол» партиясының атынан облыс мәслихаты депутаттығына кандидат азаматтардың арасында дау туындағандығын, осыған байланысты аталмыш азаматтарды тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданғандығы жөнінде айтып жіберген.

«Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының өкілдері Қызылорда аймақтық сайлау комиссиясының төрағасын қызметінін босатып, болашақта мұндай әрекеттердің орын алмауын қадағалауды талап етті. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының саяси партиялардың жиынына қатысуы заңсыз. Алайда, облыстық сайлау комиссиясының төрағасын қызметінен тек облыстық мәслихат депутттары ғана босата алатындығын ескеру керек. Осы себепті біз комиссия төрағасына ескерту жариялағанды жөн санап отырмыз», - деді ОСК төрағасының орынбасары.