ОСК мәслихат депутаттығына кандидат ретінде 39 азаматы тіркеді

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Cоңғы тәуліктерде 2012 жылдың 15-ші қаңтарына тағайындалған мәслихат депутаттарының сайлауына үміткерлерді ұсыну белсенді жүрді.

Нәтижесінде, биылғы жылдың 8-ші желтоқсанындағы мәліметтер бойынша, мәслихат депутаттығына ұсынылған азаматтар саны 3 мың 56-ға жетті»,-деді бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Оның мәліметтерінше, тіркелген азаматтардың 300-і облыстық мәслихаттарға депутат болғылары келеді. Ал 25 азамат Астана қалалық, 37 азамат Алматы қалалық мәслихатының депутаттығынан дәмелі. Ал аудандық мәслихаттың депутаттығынан үміттеніп отырғандар саны 2 мың 252, сондай-ақ қалалық мәслихатқа 504 адам ұсынылған.

«Депутаттықа кандидат ертінде ұсынылған азаматардың 830-ы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының, 17-сі Коммунистік халық партиясының, 12-сі «Ақ жол» демократиялық партиясының, 7-уі социал-демократиялық «Ауыл» партиясының, 3-уі Патриоттар партиясының, 1-уі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі. Ал 812 үміткер өзінің партияға қатыстылығын көрсетпеген. Осы уақытқа дейін мәслихат депутаттығына кандидат ретінде барлығы 39 азамат тіркелді», деді ОСК төрағасы.