ОСК Мәжіліс депутаттарының сайлауын бақылауға келген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 38 байқаушысын тіркеді

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/- Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы негізінде 2012 жылдың 15-ші қаңтарына тағайындалған Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын байқауға келген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 38 байқаушысын тіркеді.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында аталмыш комиссия мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.

Оның деректеріне қарағанда, тіркелген байқаушылардың 34-і Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының миссиясынан, ал 4 байқаушы шет мемлекеттерден келген. Осылайша елімізде тіркелген барлық байқаушылар саны 99 адамды құрады. «Олардың 46-сы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі институттар бюросы миссиясының құрамына кіреді. 45 байқаушы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының миссиясынан. Ал 8 азамат шет мемлекеттердің байқаушысы»,-деді ОСК мүшесі.