ОСК Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысатын алғашқы байқаушыларды тіркеді

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орталық сайлау комиссиясы 2012 жылдың 15 қаңтарына тағайындалған Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына қатысатын алғашқы байқаушыларды тіркеді.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында қаралған осы мәселе бойынша баяндама жасаған ОСК-ның мүшесі Татьяна Охлопкованың айтуынша, бүгінгі күнге дейін елімізде Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен барлығы 31 байқаушы тіркелген. Олардың 30-ы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары бюросынан. Бұл байқаушылар миссиясының негізгі тобының 16 мүшесі қысқа мерзімге, 14 мүшесі ұзақ мерзімге келген. Тағы бір байқаушы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының миссиясынан келіп отыр. «Барлық байқаушылардың куәліктері дайын»,-деді ОСК мүшесі.

Естеріңізге сала кетейік, ОСК-нің бүгінгі отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі комитетінің байқаушысы Пәтима Матжанова мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының байқаушысы Талғат Омаров және «Әділет» демократиялық партиясының байқаушысы Ғалымжан Құдайбергенов қатысып отырды.