Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, жүздесу барысында миссия өкілдері көптеген мәселелер бойынша өзара пікір алмасты. Ол негізінен сайлауды бақылау шараларына қатысты болды. «Қонақтар қазіргі таңда Президенттікке кандидаттардың қол жинау мәселелері жөнінде де біршама мәліметтер алды. Жалпы біз оларды елдегі сайлаудың барысымен толық таныстырып шықтық. Бұл ретте, әрине, миссия өкілдерінің көбіне қол жинап жатқан үміткерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегендері дұрыс болады»,-деді комиссия хатшысы.
Оның сөзіне қарағанда, 3 наурыздан бастап Президенттікке кандидат ретінде тіркелген азаматтар үгіт-насихат жұмыстарына кіріседі. Осыған қарай байқаушылар үшін де біраз жұмыс табылады. «Миссия өкілдерімен Орталық сайлау комиссиясының атқарып жатқан жұмыстарына байланысты да пікір алмасылды. Оларды көбіне жергілікті сайлау комиссияларының жұмысы олардың жергілікті жерде атқарып жатқан шаралары қызықтырды. Біз оларға тыңғылықты жауап бердік деген ойдамын. Жақында миссия өкілдері еліміздің аймақтарындағы сайлауға қатысты жағдайды бақылауға барады. Олар өздерін толғандырған жауаптарға сол аймақтарда да толыққанды жауап алады деген ойдамын»,- деді Б.Мелдешов.