Сайлау заңнамасына сәйкес, мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті үгіт-насихат материалдарын жариялау үшін бірдей мөлшерде қаражат бөлінуіне кепілдік береді. Атап айтқанда, әрбір кандидаттың теледидардан он бес минут сөз сөйлеуіне, 10 минут радиодан сөйеуіне, сондай-ақ баспасөз беттерінде 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялауына қажетті қаражат бөледі.
Кандидаттарға сайлауалды үгіт жүргізуге бөлінетін сомаларды есептеу Байланыс және ақпарат министрлігі ұсынған мәліметтер негізінде жүргізілді. Бұл ретте кандидаттардың бағдарламаларын теледидар арқылы баяндауына 4 миллион 625 мың теңге, радиодан 10 минут сөйлеуге әрбір кандидатқа 169 мың теңге бөлінеді. Сондай-ақ баспасөз басылымдарында 540 шаршы см. көлемінде екі мақала жариялауға кандидаттардың әрқайсысына 810 мың теңге бөлінбек.
Бұдан бөлек кандидаттарға сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін үй-жайлар жалдау мақсатында 200 мың теңге, баспа -үгіт материалдарын басып шығаруға 290 мың теңге беріледі. Ал әрбір кандидаттың көлік шығындары үшін тағы 200 мың теңге қарастырылған.