атап айтқанда заңгер Сәлім Өтенді, уақытша жұмыссыз Гүлдана Тоқбаеваны, кәсіпкер Серік Сапарғалиды және Жемқорлықпен күрес қоғамдық комитетінің төрағасы Жақсыбай Бәзілбаевты кандидат ретінде тіркеуден бас тартып, қаулы қабылдады.
ОСК отырысының барысын ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының ұзақ мерзімді миссиясының өкілі - сайлау жөніндегі маман Алексей Громов бақылады.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында кандидат ретінде тіркеуден бас тартылған 4 азаматқа қатысты баяндама жасаған ОСК хатшысы Бақыт Мелдешовтың сөзіне қарағанда, Президенттікке кандидатқа қойылатын талаптар бойынша сайлауға түсуге ниет білдірген адамның өтініші болуы керек. Сонымен қатар үміткердің аумақтық сайлау комиссиялары тексеріп растаған қолдары және кандидат туралы өмірбаяндық деректер мен үміткердің және оның жұбайының табысы мен мүлкі туралы декларацияның тапсырылғандығы жөнінде салық органының анықтамасы болуы қажет. Бұған қоса үміткердің сайлау жарнасын енгізгендігін куәландыратын құжат қажет.
«Ал ОСК Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан бірінші азамат Сәлім Өтен өзінің табысы мен мүлкіне қатысты декларацияны - салық органының анықтамасын тапсырмаған. Сондай-ақ оның сайлау жарнасын төлегендігін растайтын куәлігі де жоқ. Бұған қоса аталмыш үміткердің қол жинау парақтары да талапқа сай емес. Ал ОСК Президенттікке кандидат етуден бас тартқан Гүлдана Тоқбаева өзінің табысы мен мүлкіне қатысты декларацияны ОСК-ға тапсырмаған және сайлау жарнасын да төлемеген. Қол жинау парақтары да талапқа сай емес. Аталған үміткер тіпті Президенттікке кандидаттарды тіркеу мерзімінің бүгін аяқталатынын білмейтін де болып шықты», - деді Б.Мелдешов.
Оның сөзінше, ОСК кандидат етуден бас тартқан үшінші азамат Жақсыбай Бәзілбаев жұбайы мен өзінің табысы жөніндегі салық декларациясын өткізбеген. Бұған қоса Ж.Бәзілбаев та сайлау жарнасын төлегендігін куәландыратын құжатты бермеген және қол жинау жұмыстарын да жүргізбеген. Кандидат етіп тіркеуден бас тартылған төртінші азамат Серік Сапарғали да өзінің және жұбайының табысы мен мүліктік декларациясы жөніндегі құжаттарды өткізбеген.
Осылайша 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауында Орталық сайлау комиссиясы осы уақытқа дейін Президенттікке кандидат ретінде тіркеген 4 азамат Мемлекет басшысы лауазымына таласатын болады. Олар - «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы ұсынған қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков және Қазақстанның Патриоттар партиясы ұсынған Ғани Қасымов пен «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізов. Бүгіннен бастап Президенттікке кандидаттар өздерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастайды.