ОСК саяси партиялардың өкілдеріне кеңесші дауыс беру құқын түсіндіретін арнайы хат дайындауды қажет деп тапты

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Орталық сайлау комиссиясы саяси партия өкілдеріне кеңесші дауыс беру құқын түсіндіретін арнайы хат дайындауды қажет деп тапты.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында аталмыш комиссия төрағасының орынбасары Владимир Фоос мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылдың 21 ақпанында Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиясының өкілдерімен және сайлау шараларына атсалысатын мемлекеттік орган өкілдерімен арнайы семинар ұйымдастырған. «Осы шараның барысында кеңесші дауыс беру құқы бар саяси партия өкілдерінің мәртебесіне қатысты түсіндіру қажет мәселелердің бар екендігі анықталды. «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Петр Своик мырза осы семинар барысында Орталық айлау комиссиясының ұстанған бағытын түсінбей отырғандығын жеткізді. Осы себепті ол кеңесші дауыс беру құқы бар саяси партия өкілдерінің қызметіне қатысты тиісті кеңес беруші хат дайындауды ұсынды»,-деді комиссия төрағасының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш хат еліміздің аймағындағы барлық сайлау комиссияларына таратылуы керек. Сонымен қатар хаттың көшірмесі саяси партияларға да жолданғаны ләзім. «Бұл хатта біз саяси партияларға өздерінің кеңесші дауыс беру құқы бар өкілдерін сайлау комиссияларына ұсыну тәртібі мен осы өкілдердің мәртебесі туралы жан-жақты түсініктеме бердік»,-деді В.Фоос.