Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, дауыс беру күні барлық сайлау учаскесі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз келіп дауыс беруіне қажетті жағдай жасалады.
— ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды іске асырып жатыр. 2021 жылдан бастап ОСК отырыстарының тікелей көрсетілімдері мен барлық ақпараттық бейнематериал ымдау тіліне аударылады. 2022 жылдан бері дауыс беру бюллетеньдеріне арналған Брайль қарпіндегі трафареттер әзірленіп жүр. Барлық сайлау учаскесі бюллетеньді толтыру тәртібі бойынша аудионұсқаулықтармен қамтамасыз етіледі, — деді ол.
Сонымен қатар, ол 2025 жылдан бері «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы мен Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған арнайы бейнеоқыту курсы қолданылып жүргенін атап өтті.
— Жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметін ұйымдастырып, сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігін тексеруге мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерін тартуы қажет, — деді комиссия мүшесі.
Айта кетейік, Құрылтай сайлауында жеті партиядан 546 кандидат бақ сынайды.