ОСК сайлаушылардың электрондық тізімінде он-лайн іздестіру тәртібін өзгертті

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақпараттық ресурстарды пайдалануды оңтайландыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың электрондық тізімінде он-лайн іздестіру тәртібін өзгертті.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, енді сайлаушылар тізімдеріндегі өзі туралы деректерді іздестіріп, қай сайлау учаскесіне тіркелгені туралы ақпаратты алу үшін, сайлаушы izbiratel@election.kz электрондық поштасының адресі бойынша жүгінуі қажет. Деректерді алуға сұрау салу кезінде сайлаушы тегін, атын, әкесінің атын, туған күнін, жеке куәлігінің нөмірін немесе жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсетуі қажет.
Жауап ретінде келген хабарда жүгінген сайлаушы тіркелген сайлау учаскесінің нөмірі мен мекен-жайы көрсетіледі. Егер де іздестіру оң нәтижелерді бермесе, сайлаушыға тиісті жергілікті атқарушы органға немесе тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жүгінуі ұсынылатын болады.