«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес, Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы республикалық бюджеттен қаржыландырылып, әрбір кандидатқа бірдей қаражат бөлінуін мемлекет кепілдендіреді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2014 жылғы сайлауға 136 миллион теңге қарастырылған.
«Аталған қаражатқа кандидаттардың республикалық телеарна-радиодан сөз сөйлеуі, мерзімді баспасөзде екі материалының шығуы қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, бюджеттен кандидаттардың таңдаушылармен кездесуіне үй-жайды жалға алуға, үгіттік баспа материалдарын әзірлеуге, көліктік шығыстарға қаражат қаралады», - деді ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос.
Тоқтала кететін жайт, кандидаттардың әрқайсысына сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, көліктік шығыстарды өтеуге бюджеттен 395 мың теңге қарастырылған. Оның ішінде 115 000 - теледидар бойынша бағдарламамен 15 минуттық сөз сөйлеуге, 60 000 теңге - радиодан 10 минуттық сөз сөйлеуге, 105 000 теңге - баспа басылымдарында көлемі 0,1 баспа табақтан екі материал жариялауға, 20 000 теңге - таңдаушылармен кездесу үшін үй-жайды жалға алуға, 25 000 теңге - үгіттік баспа материалдарын шығаруға, сонымен қатар, 70 000 теңге облыстар үшін және 35 000 теңге Астана және Алматы қалалар үшін - көліктік шығыстарға жұмсау көзделеді.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қазанында ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау өтеді.